«Аралтұз» пен «Аралсода» Арал аудандық ауруханасына реанимобильдер сыйға тартты
«Аралтұз» АҚ және «Аралсода» ЖШС Арал ауданаралық ауруханасына жедел медициналық көмек көрсету үшін заманауи жабдықтармен жабдықталған екі реанимобильді сатып алып, тапсырды.

Арал ауданаралық ауруханасы және оның құрылымдық бөлімшелері 70 мың тұрғынға медициналық көмек көрсетеді. Сыйға берілген реанимобильдер дәрігерлер мен жергілікті халық үшін елеулі көмек болады.

- Бұл реанимобильдер бізге ауадай қажет: базамызда бір ғана осындай көлік бар және ол, әсіресе пандемия кезінде, медицина қызметкерлеріне түсетін жүктеме бірнеше есе артқанда жеткіліксіз. «Аралтұз» АҚ мен «Аралсода» ЖШС сыйлаған машиналар барлық қажетті жабдықтармен қамтылған: тасымалдау кезінде-ақ ауыр науқастарға білікті медициналық көмек көрсете аламыз. Кейде шалғай ауылдан жүкті әйелді немесе шұғыл көмекті қажет ететін науқасты жеткізу керек болады. «Аралтұз» АҚ мен «Аралсода» ЖШС-ге осындай маңызды әрі уақтылы қолдау үшін алғыс айтамыз, — деді «Арал ауданаралық ауруханасы» ШЖҚ КМК бас дәрігерінің орынбасары Лаура Әділбаева.
Қызылорда облысының Арал ауданында «Аралтұз» АҚ мен «Аралсода» ЖШС-нің негізгі өндірістік нысандары орналасқан. Компаниялар өңірде әлеуметтік жобалар мен қайырымдылық акцияларын тұрақты түрде жүзеге асырып келеді. - Биыл коронавирус індетінің ауыр кезеңінде біз медициналық мекемелер мен денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін қолдауға ерекше назар аударуды жөн көрдік. Қандай да бір жабдықтың жетіспеушілігі салдарынан, өкінішке қарай, адамдардың көз жұматынын бәріміз көрдік. Біздің компаниямыз медицина қызметкерлеріне осы күрделі сынақты еңсеруге барынша көмектесуге тырысады. Реанимобильдер сатып алу – Арал ауданының медицина мекемелеріне көрсетілетін көмегіміздің алғашқысы да, соңғысы да емес, – деп атап өтті «Аралтұз» АҚ президенті Айдынбек Тауасаров. Қайырымдылық көмекке «Аралтұз» АҚ мен «Аралсода» ЖШС өз қаражатынан 50 миллион теңге бөлді. Бұған дейін осы акция аясында компаниялар Арал ауданының инфекциялық және провизорлық стационарларын Covid-19-ға қарсы күреске қажетті жабдықтармен қамтамасыз етті. Медицина мекемелері 19 оттегі концентраторын және 200 медициналық кереует алды, ал персоналға 200 арнайы қорғаныш жиынтығы берілді.