12.11.2025

«Аралтұз» Шанхайдағы CIIE көрмесінде

«Аралтұз» компаниясы халықаралық сауда саласындағы әлемдегі ең ірі шаралардың бірі саналатын Импорттың 8-ші Шанхай халықаралық көрмесіне (China International Import Expo, CIIE) қатысты. Көрме 2025 жылғы 5–10 қараша аралығында Шанхай қаласында (ҚХР) өтіп, әлемнің түкпір-түкпірінен бизнес, инвесторлар және мемлекеттік құрылым өкілдерін жинады.

Экспозиция аясында компания өз өнімдерінің кең ассортиментін ұсынып, әртүрлі елдерден келген келушілерді қазақстандық тұздың сапасымен және оны тағамдық, өнеркәсіптік және мамандандырылған салаларда қолдану мүмкіндіктерімен таныстырды.

CIIE көрмесіне қатысу «Аралтұз» үшін экспорттық дамудың келешегін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды. Компания өкілдері шетелдік серіктестермен, соның ішінде Азия өңірі елдерінен келген тараптармен бірқатар іскерлік кездесулер өткізіп, өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін және халықаралық нарықтардағы қатысуды күшейту жолдарын талқылады.

«Аралтұз» өнімдері көрме қонақтарының айрықша қызығушылығын тудырды. Бұл Қазақстанның тұз өнеркәсібінің жоғары әлеуетін және сапалы, табиғи өнімге деген сұраныстың өсіп отырғанын айқын көрсетеді.

Компания халықаралық сапа стандарттарына сай келетін тұздың сенімді өндірушісі ретіндегі мәртебесін нығайтуды жалғастырып, экспорттық бағыттарды белсенді түрде дамытып келеді. Осы арқылы Қазақстанды жаһандық сауда кеңістігінде кеңінен таныстыруда.